Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барды

 
28-29 қазанда жұмыс сапарымен Ақтөбе облысына барып, «Ауыл — ел бесігі» жобасының іске асырылу барысымен таныстым.
Сапар барысында бірнеше елді-мекенде болдым. Әрине, мен үшін ауыл мектептеріне бару өте маңызды.
Мәртөк ауданының Хлебодаровка ауылдық мектебінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен таныстым.
Сондай-ақ Петропавловка және Ақжар ауылдарындағы мектептерге барып, мұғалімдермен кездестім. Әріптестерімізбен бірінші тоқсанның қорытындысы туралы әңгімелестік. Педагогтер білімдегі олқылықтарды жою жұмыстары туралы айтып, қашықтан оқытудан кейін оқушыларды эмоционалдық тұрғыда қолдау маңызды екенін ерекше атап өтті. Сонымен қатар аталған мектептердің инфрақұрылымын және материалдық-техникалық жабдықталуын қарап шықтым.
Хромтау ауданы Ақжар ауылында және Хромтау қаласында бағдарлама аясында жүзеге асырылған іс-шаралармен таныстым.
Кадрларды даярлау бойынша жұмыс берушілермен ынтымақтастық орнатқан Хромтау тау-кен техникалық колледжіне тоқталып өткім келеді. Бүгінгі таңда Дөң комбинатымен дуалды оқыту жүзеге асырылып, колледждің білім беру бағдарламалары комбинатпен бекітілген. Соңғы жылы колледждердің материалдық-техникалық базасы «Жас маман» жобасы аясында айтарлықтай күшейтіліп, жаңа тренажерлар, зертханалық стендтер және оқытуға қажетті басқа да жабдықтар сатып алынды.
Бұдан басқа, инфрақұрылымды дамыту бөлігіндегі жұмыстарды қарап шықтым. Саржансай ауылында кентішілік жолдарға асфальт төселген. Мәртөк ауылында «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде балалар түрлі секцияларға қатысады. Қазан ауылында «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында пайдалануға берілген медпункт жергілікті тұрғындарға медициналық қызмет көрсетеді.