ПАВЛОДАР КОЛЛЕДЖІНІҢ ОҚЫТУШЫСЫ КӨЛІК САЛАСЫ БОЙЫНША ПЕДАГОГТЕР АРАСЫНДА ҮЗДІК ДЕП ТАНЫЛДЫ

Павлодар техникалық сервис колледжінің оқытушысы Рүстем Миникеев көлік және байланыс саласы бойынша педагогтер арасында өткен республикалық кәсіби шеберлік байқауының жеңімпазы атанды.

Гран-при иегері Рүстем Ермекұлы магистр дәрежесіне ие және автокөлікке техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану бойынша арнайы пәндерден сабақ береді. Жеңімпаз мұғалімнің әкесі механизатор болып жұмыс істегендіктен бала кезінен техника мен көлікке деген қызығушылық танытқанын айтады. Рүстем Миникеев оқытушы ретінде Германияда, Чехияда тағылымдамадан өтті. Қазір балаларды оқытып, әріптестерімен тәжірибесімен бөлісіп жүр.

«Мен колледжде он бес жылдан астам уақыт сабақ беремін. Маған студенттерді оқыту, оларға жаңа білім мен дағдыларды үйрету ұнайды. Соңғы жылдары студенттердің көпшілігі «Автокөлікті жөндеу және пайдалану» мамандығына қызығушылық танытып отырғанын атап өткім келеді. Колледждерде оларды оқыту үшін барлық жағдай жасалған. «Жас маман» бағдарламасы бойынша жаңа жабдықтар сатып алынып, студенттер жаңа зертханалар мен шеберханаларда оқып, еліміздің жетекші кәсіпорындарында тәжірибеден өтуде», – деп атап өтті Республикалық кәсіби шеберлік байқауының жеңімпазы, Павлодар техникалық сервис колледжінің оқытушысы Рүстем Миникеев.

Байқау Қостанай автомобиль көлігі колледжінің базасында өтті. Оған еліміздің барлық өңірінен колледж педагогтері қатысты. Олар өздерінің кәсіби шеберліктерін, студенттерді оқытудың жаңа білім беру технологиялары мен инновациялық әдістерін көрсетті. Нәтижесінде үздік педагогтер мен өндірістік оқыту шеберлері анықталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ҚР Білім және ғылым министрлігінің грамоталары мен сертификаттарына ие болды.